Тістерге мына өнімдер пайдалы:
1. Қатты көкөністер мен жемістер (сәбіз, алма, қияр, қызылша) Сәбіз, алма, қияр және қызылша құрамында тістер мен қызыл иекке пайдалы көптеген дәрумендер мен микроэлементтер бар, мысалы, бета-каротин, В тобының дәрумендері, D, E, K, С, РР дәрумендері, кальций, калий, магний, натрий, фосфор, йод, фтор, темір, кобальт және күміс, олар қызыл иектегі қан айналымын қалыпқа келтіреді және тістердің денсаулығына қажетті кальций мен фосфорды жеткізеді. Біздің тістеріміз бен қызыл иегіміз жұмсақ, өңделген тағамға үйреніп, қалыпты жұмыс істемей қалды, нәтижесінде өңез және қан айналымының бұзылуы пайда болды. Күніне бар болғаны бірнеше қатты көкөніс немесе жеміс жесеңіз – қызыл иегіңіз жақсы уқаланып, тістеріңіз шөгінділерден арылады. Сонымен қатар мұндай көкөністер ауыз қуысын үнемі шайып, микробтар мен бактериялардың санын азайтатын сілекейдің бөлінуін ынталандырады.


2. Көкөніс жапырақтары (ақжелкен, латук салаты, пияз, аскөк, балдыркөк Көкөніс жапырақтарының құрамында тістер үшін ғана емес, жалпы бүкіл ағза үшін маңызды В тобының дәрумендері, Е, А, С, РР дәрумендері, калий, кальций, магний, йод, натрий, фосфор, темір, бета-каротин және фолий қышқылы бар. Көкөніс жапырақтары тістерді ғана емес, жалпы иммунитетті де нығайтады, қан тамырларының нығаюына ықпал етеді, қан түзілу үдерістерін жақсартады және қызыл иектің қанауын жояды. Ақжелкен мен пияздың табиғи бактерияға қарсы, сергітетін және иісті жоятын әсері бар, олардың шырыны қол жетуі қиын жерлерге енеді, тістерді ағартады, өңезді кетіреді, қызыл иекті нығайтады және уқалайды.
3. Жидектер (қарақат, жүзім, бүлдірген, мүкжидек) Жидектер органикалық қышқылдардың, пигменттер мен пектиндердің бірегей үйлесіміне бай, құрамында PP, А дәрумендері, В тобының дәрумендері, С, Е, Н дәрумендері, бета-каротин, кальций, магний, натрий, калий, фосфор, темір, йод және фтор бар. Кейбір жидектердің шырынын тісжегінің алдын алу үшін пайдалану ұсынылады. Мысалы, мүкжидек шырыны бактерицидтік әсерінің арқасында тісжегімен ауыру ықтималдығын төмендетеді. Жидек шырындарының компоненттері бактериялардың тіс кіреукесіне жетуіне кедергі жасайды деп саналады. Жүзімді де тісжегінің алдын алу үшін қолдануға болады, өйткені оның құрамында тістер мен қызыл иекке жағымды әсер ететін минералдар мен микроэлементтердің тұтас кешені бар. Сонымен қатар жүзімде ауыз қуысындағы ауру тудыратын микробтардың тіршілік әрекетін тежейтін заттар бар.


4. Жаңғақтар (бадам, самырсын жаңғағы, кешью) Жаңғақтардың құрамына барлық алмастырылмайтын аминқышқылдары, полиқанықпаған май қышқылдары, А, В, С, D, Е, Р дәрумендері, сондай-ақ олардың жоғары тағамдық құндылығын айқындайтын калий, кальций, магний, фосфор және басқа да минералды элементтер кіреді. Сонымен қатар кешью жаңғағының құрамында тіс кіреукесін бұзатын бактерияларды жоя алатын бірегей зат бар. Оның бактерияға қарсы, антисептикалық, тонустайтын қасиеттері бар, тіс ауырсынуын басады. Самырсын жаңғағының құрамында сүйек тінінің дамуына ықпал ететін ванадий, тістер мен сүйектердің қалыптасуы мен сақталуына қатысатын және бұлшықеттер мен жүйке жасушаларының қызметінде маңызды рөл атқаратын фосфор, сүйектер мен тістердің негізгі компоненті болып табылатын және қанның ұюы, жасушалардың тұтастығы мен жүрек қызметі үшін қажетті кальций бар. Бадамның құрамында тістер мен қызыл иектің жағдайын жақсартатын заттар бар, сонымен қатар оның ауырсынуды басатын және спазмға қарсы әсері бар.
5.Сүт өнімдері (ірімшік, сүзбе, йогурт) Жалпы ағзамызға пайдалы кальций, калий, магний және А, В және D дәрумендерінен бөлек, сүт өнімдері тістерге де белгілі бір әсер етеді. Мәселен, йогурт ауыздан жағымсыз иіс шығуын тудыратын негізгі фактор болып табылатын күкіртсутектің мөлшерін азайтады, pH деңгейін тез көтереді, ал фосфаттар, кальций және казеин тістердің минералдануына көмектеседі. Ірімшікті тісжегінің алдын алудың тиімді құралы деп санауға болады, өйткені ол тіс кіреукесіндегі кальций концентрациясын 60%-ға арттырады және құрамында тісжегі мен қызыл иек қабынуының дамуына кедергі келтіретін компоненттер бар сілекейдің көлемін ұлғайтады. Сүзбенің құрамында ақуыздар, сүт қышқылы, темір және магний бар. Ол ағзаға жақсы сіңеді, ал оның құрамындағы кальций мен фосфор тұздары сүйек тінінің түзілуіне, жүйке жүйесін қоректендіруге және қандағы гемоглобиннің түзілуіне қатысады.


6. Цитрус жемістері (грейпфрут, лайм, апельсин) Цитрус жемістерінің құрамында ағзаға аса қажет калий, кальций, магний, натрий, фосфор, темір, B тобының дәрумендері, Е, С, РР дәрумендері міндетті түрде болады. Цитрус жемістерінің хош иістері тонусты көтеріп, көңіл-күйді жақсартып, ұйқышылдықты азайтып, зейін мен еңбекке қабілеттілікті арттырып қана қоймай, тістер мен қызыл иекке де жағымды әсер етеді. Мысалы, грейпфрутты күнделікті тұтыну қызыл иектің қанауын азайтады және ауыз қуысының қабыну ауруларының қаупін төмендетеді, ал қызыл иек аурулары тістерді жоғалтудың негізгі себебі болып табылады. Сондай-ақ тісжегінің алдын алуға ықпал ететін және құрамында тістер мен қызыл иекке пайдалы көптеген заттар бар лаймды тағамға қосу ұсынылады. Лаймның құрамындағы кальций мен фосфор кіреукеге ауру тудыратын микробтар мен тісжегіге қарсы тұруға, ал қызыл иекке қан тамырларының жұмысын жақсартуға және қанаудың алдын алуға көмектеседі. Бұл ретте лаймның құрамында жеңіл ағартқыш әсері бола тұра, кіреукені жемірмейтін және тістер мен ауыз қуысының табиғи микрофлорасын бұзбайтын органикалық қышқылдар бар. Апельсиндерде өте көп мөлшерде болатын С дәрумені қызыл иектегі сау коллаген торын қолдайды, ол тісжегі мен қызыл иектің қабынуын тудыратын бактерияларды жоя отырып, көптеген стоматологиялық аурулардың дамуына кедергі келтіреді.
7. Теңіз өнімдері (балық, асшаян) Диетология тұрғысынан теңіз өнімдері іс жүзінде мінсіз тағам болып саналады, өйткені олар микроэлементтер мен дәрумендерге, ең алдымен, кальцийге, фосфорға, фторға, В1 және D дәрумендеріне бай, олар жеткіліксіз болған жағдайда сүйек тінінің сынғыштығы, тістер мен қызыл иектің аурулары пайда болады. Бұл элементтер қызыл иектің денсаулығын нығайтады және тістердің дұрыс қалыптасуына ықпал етеді, бет өңін және шаштың денсаулығын жақсартады, ағзаға иммундық жүйені нығайтуға көмектеседі. Асшаянның құрамында ағзаға оңай сіңетін кальций, тиамин, рибофлавин, натрий, калий, магний, фосфор, темір және марганец бар. Кальций мен фтордың жоғары мөлшері тістер мен қызыл иек ауруларының алдын алуға әсер етеді, өйткені дәл осы минералдар сүйектердің құрылуы, тістердің өсуі мен сақталуы, тіс өңезінің түзілуі мен кіреукенің бұзылуының алдын алу үшін көз болып қызмет етеді. Балықтың іс жүзінде әрбір түрі кальцийге, селенге және фторға бай, Бірақ ең бастысы йод пен кальцийдің жоғары мөлшерінің арқасында тістерді тісжегіден қорғауды қамтамасыз ететін теңіз балығы мен басқа да теңіз өнімдері бағаланады.


8. Жұмыртқа (тауық, бөдене Тауық жұмыртқасының құрамында ақуыздар, майлар, көмірсулар, 12 негізгі дәрумен және барлық дерлік микроэлементтер бар. Оның құрамындағы D дәрумені фосфордың көзі болып табылады және тістердің бұзылуының алдын алуға көмектеседі, ал жұмыртқа қабығы – ағзаға оңай сіңетін кальцийдің тамаша көзі, ал кальций хлориді, гипс және бор сияқты медициналық препараттар нашар сіңеді. Бөдене жұмыртқасының ұнтақталған қабығын тұтыну арқылы қызыл иектің қанауынан арылып, тістеріңізді берік әрі сау етуге болады.
9. Бал Балдың денсаулыққа пайдалы екені баршаға мәлім, ол қуаттың қуатты көзі және иммунитетті арттыратын құрал болып қана қоймай, тістердің денсаулығына да оң әсер етеді. Балда әсіресе B тобының және C дәрумендері көп, балдың бактерияға қарсы қасиеттері бар, ағзаға жалпы нығайтатын және жасартатын әсер етеді, ал балауыз ұяшықтарын шайнау тістердің тазаруына және ауыз қуысының дезинфекциялануына ықпал етеді, стоматиттер мен шырышты тіндердің қабынуын тиімді емдейді. Прополиспен пародонтозды, тісжегіні және қызыл иектің қабынуын емдейді, ғалымдардың пікірінше, ол бактериялардың тіс бетіне жабысуына көмектесетін энзимдердің мөлшерін азайтады. Сонымен қатар прополистен тістерді қорғауды қамтамасыз ететін жүзге жуық элемент табылған.


10. Сусындар (шай, су) Қара шай да, көк шай да құрамында бактериялардың дамуын тоқтататын заттар болғандықтан, тістерге өте пайдалы. Шайдың құрамына кіретін катехин антиоксиданты тісжегі мен ауыздан жағымсыз иіс шығуын тудыратын бактерияларды жояды, демек, тамақтан кейін бір кесе шай ішу арқылы біз тынысымызды сергітіп, ауыз қуысын бактериялардан тазартамыз, осылайша қызыл иекті қорғап, тістерді нығайтамыз. Фтормен байытылған таза ауыз су да тістердің денсаулығына оң әсер етеді. Фторланған су тіс кіреукесін нығайтады және тісжегінің пайда болуына кедергі келтіреді, жұмсақ тіс өңезінің түзілуі мен жиналуын тежейді, микроорганизмдердің тіршілік әрекетін басады, бұл ауыз қуысында органикалық қышқылдардың жиналуының азаюына әкеледі. Бұл өнімдердің барлығы тек тістеріңізге ғана емес, жалпы бүкіл ағзаға оң әсер етеді. Оларды күнделікті тұтыну арқылы сіз ағзаны денсаулыққа пайдалы дәрумендер мен минералдарға қанықтырасыз. Тістеріңіз бен қызыл иегіңіз берік әрі сау болғанда, жиірек күлгіңіз келеді, демек, жақсы көңіл-күй мен жауап күлкілерге кепілдік беріледі!