Тіс жібі – тістерді тазалауға арналған қосымша заманауи құрал. Бірақ бұл құрал дұрыс пайдаланылғанда ғана пайдалы. Тіс щеткасын пайдалану адам тісінің бес бетінің тек үшеуін ғана тазалауға мүмкіндік береді. Ал тістердің арасындағы беттер тазаланбай қалады. Нәтижесінде ол жерде тіс өңезі түзіліп, тағам қалдықтары жиналады, бұл тісжегінің пайда болуына түрткі болады.

Тісаралық кеңістіктерді тазалау үшін тіс жібі (флосс) тамаша сай келеді. Тіс жібін қажеттілігіне қарай күніне 2-3 рет пайдалануға болады. Стоматологтар кешкі ұйқы алдындағы тістерді щеткамен дәстүрлі тазалауды осы процедурамен толықтыруды ұсынады: осылайша ұйқы кезінде ауыз қуысында бактериялардың көбеюінің алдын алуға болады.
Тіс жіптерін жасау үшін табиғи жібек немесе жасанды талшықтар (ацетат, нейлон, капрон) қолданылады.
Тіс жіптерінің әртүрлі түрлері бар. Жіпті таңдау оның қандай тістерге күтім жасайтынына және қандай проблемаларды шешуге арналғанына байланысты.
Балауызданған (балауыз сіңірілген) тіс жіптері тістер арасындағы тар кеңістіктерге оңай енеді. Стоматологтар балауызданған жіпті бұл гигиена құралын пайдалануды енді ғана үйреніп жүргендерге осы процедураға үйрену үшін пайдалануды ұсынады. Балауызданбаған жіптер тіс өңезі мен тағам бөлшектерін жақсырақ тазалайды. Балауызданған жіптерден айырмашылығы, балауызданбаған жіптер талшықтарға ажырайды және соның арқасында тістің үлкенірек бетімен жанасады.
Тіс жіптері көлденең қимасының пішіні бойынша да ажыратылады. Қимасы дөңгелек жіптер тістер арасындағы кең кеңістіктерді тазалау үшін, қимасы жалпақ жіптер тар кеңістіктерді тазалау үшін қолданылады. Көлемді жіптер сілекеймен жанасқанда үлпілдейді, бұл тісаралық кеңістіктерді тиімді әрі қызыл иекке қауіпсіз тазалауға көмектеседі. Таспа пішінді тіс жіптері тістер арасындағы кеңістіктер өте үлкен болғанда (диастемалар, тремалар) тістерді тазалау үшін қолданылады.
Тіс жіптері сіңдірмесінің болуы немесе болмауы бойынша да ажыратылады. Сіңдірмесі бар жіптер тазалап қана қоймай, емдік-профилактикалық міндетті де атқарады. Натрий фторидімен сіңдіру қол жетуі қиын жерлерде нығайтады және тісжегінің алдын алады. Ментолы бар жіп ауызда сергектік сезімін қалдырады, хлоргексидин ерітіндісімен сіңдірудің дезинфекциялаушы қасиеттері бар. Профилактикалық ерітінділер мен пасталарды тіс жібіне өз бетінше де жағуға болады.
Мақсаты бойынша тіс жіптері жеке қолдануға арналған құралдар және стоматологиялық кабинет жағдайында қолдануға арналған құралдар болып бөлінеді.