Ағзадағы мырыштың тиісті деңгейіне неліктен көңіл бөлу керек?

Ағзадағы мырыштың жеткілікті деңгейі – бұл тек әдемі тері, шаш пен тырнақ қана емес, ең алдымен эндокриндік және иммундық жүйелердің дұрыс жұмыс істеуі. Мырыш біздің миымыз үшін де маңызды. Бұл құнды микроэлементтің тағы қандай қасиеттері бар ?

Мырыштың қасиеттері және оның ағзаның жұмыс істеуіне әсері. 

Таза күйіндегі мырыш — өтпелі элементтер тобына жататын металл. Оның физиологиялық процестердің жүруіне және ағзаның жұмыс істеуіне оң әсері 1950-жылдардың өзінде-ақ көрсетілген. Мырыштың тиісті деңгейін қамтамасыз ету көп жылдар бойы ДНҚ  және РНҚ-полимераза, ақуыз синтезі, гормондар синтезі және көптеген ағзалардың дұрыс жұмыс істеуі сияқты көптеген маңызды процестердің дұрыс жүруімен ұштастырылып келеді. Оның үстіне, мырыш едәуір күшті антиоксидант болып табылады, бұл да ағзаға оң әсер етеді. Ол сондай-ақ кадмий мен қорғасынның антагонисі болып табылады, соның арқасында осы элементтердің иондарының жасушаларымызда жинақталуына жол бермейді.  

Мырыш - денеміздің барлық дерлік ағзаларының дұрыс жұмыс істеуі үшін қажет. 

Дұрыс жұмыс істеуі мырыш деңгейіне тәуелді ең маңызды ағза – ми. Ми бұл элементтің ең көп мөлшерін сақтайды, өйткені ол жүйкенің дұрыс өткізгіштігін қамтамасыз ету үшін пайдаланылады, ал мырыш иондары нейрондардың пресинаптикалық ұштарының маңында орналасқан. Осы себепті оның жеткілікті мөлшерде түсуі жүкті әйелдер үшін, яғни баланың миы ең жылдам дамитын кезеңде ерекше маңызды. Сонымен қатар мырыш мыналарға үлкен әсер етеді: 

шаш – бұл элемент шашты жақсы күйде ұстауға көмектеседі, өйткені шаш фолликулаларын нығайтады, соның арқасында шаш қалыңырақ әрі серпімдірек болады, бұл май бездерінің жұмысына әсер етуінің арқасында мүмкін болады. Мырыш шаштың негізгі құрылыс элементі болып табылатын кератиннің түзілуіне қатысады, сондай-ақ эпидермис үшін маңызды көптеген аминқышқылдарының синтезіне қатысады.  

тырнақ - мұнда мырыштың әсер ету механизмі шашқа қатысты механизмге ұқсас - мырыш ақуыздардың (негізінен коллагеннің) және олардың аминқышқылдарының синтезін реттейді. Мырыш тырнақтардың берік әрі иілгіш болуына айтарлықтай әсер етеді.  

тері – ондағы бездердің дұрыс жұмыс істеуін, сондай-ақ осы ағзаның иммундық жүйесінің жұмысын қамтамасыз ету үшін мырыштың оңтайлы мөлшері қажет. Ол теріге әсер етеді, яғни секреторлық функцияға күшті әсер ететін простагландиндердің түзілуін реттейді. Мырыш жараның жазылуын жеделдетеді және инфекциялармен күресуге көмектеседі, теріні тітіркенуге азырақ бейім етеді, ал тітіркену пайда болған жағдайда тез қалпына келуіне ықпал етеді.  

репродуктивтік жүйе - мырыш, әсіресе ерлердің репродуктивтік жүйесі үшін маңызды элемент - тестостеронның түзілуіне әсер етеді, қуықасты безінде көп мөлшерде болады және сперматогенездің аса маңызды элементі болып табылады. Аталық бездердің дұрыс жұмыс істеуі, сондай-ақ сперматозоидтардың саны оның жеткілікті мөлшеріне байланысты. Мырыш ерлердің потенциясына да, фертильділігіне де әсер етеді.

Мырышты қайдан табуға болады ? 

Мырыштың рекордтық жоғары мөлшері устрицаларда болады (кейбір сұрыптарында тіпті 100 г-да 182 мг-ға дейін кездеседі), сиыр етінде, жұмыртқада және бұзау бауырында да мырыш көп. Шошқа етінде де бұл элемент көп мөлшерде болады, ал өсімдік көздерінің арасында мырыш ең көп асқабақ дәндерінде, какаода, жармаларда (әсіресе қарақұмық жармасында), ақ үрме бұршақта, бадамда және соя бұршағында болады. Бұл құнды минералдың сіңірілуіне тағамда А дәруменінің болуы ықпал етеді, ал фитаттар, фолий қышқылы, темір, мыс және кальций, әсіресе оларды мырышқа бай өнімдермен бірге қабылдаған жағдайда, оның сіңірілуін нашарлатады.

Казанова және устрицалар 

Мырыштың ерлер фертильділігіне әсерін растайтын қызықты дерек – әйгілі ғашық Казанованың аспаздық құмарлығы туралы тіркелген деректер. Олардың айтуынша, ол күніне 50 устрицадан жеген (өйткені олар мырыштың аса бай көзі), бұл оның аңызға айналған потенциясы мен жыныстық жетістіктерін қолдауы тиіс болған. Әрине, устрица жеу ешкімді керемет ғашыққа айналдырмайды, бірақ рациондағы мырыштың дұрыс мөлшері репродуктивтік жүйенің жұмысына міндетті түрде оң әсер етеді және либидоны арттыруы мүмкін.

Бағаланбаған, бірақ өте маңызды 

Мырыш – ағзамыз үшін ең маңызды микроэлементтердің бірі. Ол ағзаның аса маңызды жүйелерінің, соның ішінде иммундық жүйенің жұмысына әсер етеді, гормондардың түзілуін, аминқышқылдарының синтезін, шаштың, терінің және тырнақтың жағдайын реттейді. Осы себепті оның деңгейін қадағалап, ағзаны әрдайым оңтайлы мөлшермен қамтамасыз ету үшін саналы әрекет жасаған жөн.