Сипаттама
Саудалық атауы
Долгит® Гель
Халықаралық патенттелмеген атауы
Ибупрофен
Дәрілік түрі, дозалануы
Сыртқа қолдануға арналған гель, 5%
Фармакотерапиялық тобы
Сүйек-бұлшықет жүйесі. Буын және бұлшықет ауыруы кезінде жергілікті қолдануға арналған препараттар. Жергілікті қолдануға арналған стероидты емес қабынуға қарсы препараттар. Ибупрофен.
АТХ коды М02АА13
Қолдануға көрсетілімдер
Төмендегі жағдайларда жергілікті немесе демеуші ем үшін:
- доғал жарақат салдарынан аяқ-қолдың жедел созылуы, байламдардың шамадан тыс күшеніп созылуы немесе соғылуы, мысалы, спорттық жарақаттар
- бұлшықет ревматизмі
- артроздар (буындардың ауыру сезімі бар дегенеративті зақымданулары)
- буындар мен омыртқаның қабынулы ревматикалық зақымданулары
- буындарға іргелес жұмсақ тіндердің ісінуі және/немесе қабынуы (мысалы, синовиалды қапшықтар, сіңірлер, сіңір қынаптары, байламдар және буын капсулалары), иықтың қозғалмауы, бел ауыруы, люмбаго.
Қолдануды бастағанға дейін қажетті мәліметтер тізбесі
Қарсы көрсетілімдер
- ибупрофенге және препараттың басқа компоненттеріне немесе басқа анальгетиктерге, немесе ревматизмге қарсы құралдарға (стероидты емес қабынуға қарсы препараттарға) жоғары сезімталдық
- ашық жараларға, терінің қабынуы немесе инфекциялары кезінде, сондай-ақ экзема зақымдаған аймақтарға немесе шырышты қабықтарға жағуға болмайды
- окклюзиялық таңғыштардың астына
- жүктіліктің III триместрі және лактация кезеңі
- 14 жасқа дейінгі балалар жасы
Қолдану кезіндегі қажетті сақтық шаралары
Қолданылмайды.
Басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесуі
Басқа препараттармен дәрілік өзара әрекеттесуі сипатталмаған. Егер гель терінің үлкен аймағына және ұзағырақ кезең бойы жағылса, белгілі бір ағзалар жүйесіне немесе бүкіл ағзаға әсер ететін жанама әсерлерді жоққа шығаруға болмайды, мысалы, олар құрамында ибупрофен бар дәрілерді жүйелі қолданғаннан кейін пайда болуы мүмкін.
Арнайы ескертулер
Демікпемен, шөп безгегімен, мұрынның шырышты қабығының ісінуімен (мұрын полиптері деп аталатын) немесе өкпенің созылмалы обструктивті ауруымен (әсіресе шөп безгегіне ұқсас симптомдармен байланысты) ауыратын пациенттерде, сондай-ақ анальгетиктер мен ревматизмге қарсы барлық түрдегі құралдарға жоғары сезімталдығы бар пациенттерде басқа пациенттермен салыстырғанда демікпе ұстамаларының (анальгетиктерді көтере алмаушылық /анальгетикалық демікпе деп аталатын), крем жағылған жердегі терінің және шырышты қабықтардың ісінуінің (Квинке ісінуі деп аталатын) немесе есекжемнің даму қаупі жоғары байқалады.
Долгит® Гель препаратын мұндай пациенттерге сақтықпен және дәрігердің бақылауымен тағайындау керек. Сондай-ақ препаратты оның құрамына кіретін басқа компоненттерге жоғары сезімталдығы (аллергиясы) бар пациенттерге сақтықпен тағайындау керек, яғни тері реакцияларының, қышынудың немесе есекжемнің білінуі ықтимал.
Балалардың осы дәрілік препарат жағылған тері аймақтарына тиіспеуін қадағалау керек.
Егер емдеу басталғаннан кейін симптомдар 3 күннен ұзақ сақталса, дәрігермен кеңесу керек.
Жүктілік
Жүктілік кезінде әйелдерде ибупрофенді қолданудың қауіпсіздігін бағалау үшін деректер жеткіліксіз. Простагландиндер синтезін тежеу процесінің жүктілікке әсері белгісіз болып қалатындықтан, препаратты тек жүктіліктің алғашқы алты айында және ана мен ұрық үшін пайдасы мен қаупін мұқият талдағаннан кейін ғана қолдану керек. Ең жоғары тәуліктік доза – кремді 4 -10 см-ден жолақпен 3-4 рет жағу. Препаратты жүктіліктің соңғы триместрінде қолдануға болмайды.
Әсер ету механизміне байланысты босанудың баяулауы, жүктілік пен толғақтың ұзаруы, балада жүрек-қантамырлық (Боталлов артериялық түтігінің мерзімінен бұрын жабылуы, өкпе гипертензиясы) және бүйрек уыттылығының (олигурия, олигогидрамнион) дамуы, ана мен балада қан кету қаупінің жоғарылауы және анада ісіну даму қаупінің артуы байқалуы мүмкін.
Емізу кезеңі
Ибупрофеннің белсенді ингредиенті мен оның ыдырау өнімдерінің аз ғана мөлшері емшек сүтіне өтеді. Емшектегі балаға ешқандай жағымсыз салдар анықталмағандықтан және осы уақытқа дейін хабарланбағандықтан, қысқа мерзімді емдеу жағдайында емшекпен емізуді тоқтату қажетті шарт болып табылмайды. Дегенмен тәуліктік дозадан – тәулігіне 3 - 4 рет 4-10 см-ден жолақпен теріге жағудан асыруға болмайды. Ибупрофенмен ұзақ емдеу жағдайында емшекпен емізуді мерзімінен бұрын тоқтатуды қарастыру керек.
Емшекпен емізетін әйелдерге дәрілік препаратты емшектегі балаларының жұтып қою қаупін болдырмау үшін гельді кеудеге жағуға болмайды.
Препараттың көлік құралдарын және әлеуетті қауіпті механизмдерді басқару қабілетіне әсер ету ерекшеліктері
Долгит® Гель препараты бір рет немесе
қысқа мерзімді қолданғанда автокөлікті басқару және механизмдермен жұмыс істеу қабілетіне әсер етпейді.
Қолдану жөніндегі ұсынымдар
Дозалау режимі
Гельді ауыратын аймақтағы теріге тәулігіне 3-4 рет жағып, препарат толық сіңгенше жеңіл қимылдармен ысқылайды. Ұзындығы 4-10 см гель жолағы пайдаланылады, бұл 2-5 г гельге (100-250 мг ибупрофен) сәйкес келеді.
Ең жоғары тәуліктік доза 20 г кремді құрайды, бұл 1000 мг ибупрофенге сәйкес келеді.
Ревматикалық аурулар кезінде емдеу ұзақтығы аурудың ауырлық дәрежесіне және зақымданудың сипатына байланысты.
Емдеу ұзақтығы
Емдеу ұзақтығын емдеуші дәрігер анықтайды. Әдетте 1 - 2 апта бойы қолдану жеткілікті. Осы кезеңнен кейінгі емдік әсері дәлелденбеген.
Артық дозалану жағдайында қабылдануы қажет шаралар
Артық дозалану жағдайлары сипатталмаған.
Теріге жаққанда ұсынылған дозадан асып кетсе, гельді алып тастап, сумен жуып кетіру керек. Егер гель тым көп мөлшерде жағылса немесе Долгит® Гель кездейсоқ жұтылып қойылса, дәрігерге қаралу керек.
ДП стандартты қолданғанда байқалатын жағымсыз реакциялардың сипаттамасы және бұл жағдайда қабылдануы тиіс шаралар (қажет болған кезде)
Жағымсыз реакциялар жиілігінің сандық критерийлері және жағымсыз реакциялардың жүйелі-ағзалық жіктелімге сәйкес және туындау жиілігіне қарай жіктелуі (Жанама құбылыстардың жиілігі мына критерийлерге сәйкес анықталады: өте жиі (≥ 1/10), жиі (≥ 1/100-ден < 1/10-ға дейін), жиі емес (≥ 1/1000-нан < 1/100-ге дейін), сирек (≥ 1/10000-нан < 1/1000-ға дейін), өте сирек (< 1/10000), белгісіз (қолда бар деректер негізінде бағалау мүмкін емес))
Жиі: ең жиі кездесетін жанама әсерлер – эритема, қышыну, ашып-күйу, шаншу сезімі бар немесе қышитын көпіршіктер түзілетін экзантема сияқты жергілікті тері реакциялары.
Жиі емес: жергілікті аллергиялық реакциялар (контактілі дерматит) сияқты жоғары сезімталдық реакциялары.
Өте сирек бронх түйілуі реакциялары туралы хабарланады.
Белгісіз: жарыққа сезімталдық реакциялары.
Егер Долгит® Гель препараты терінің үлкен аймақтарына және ұзақ кезең бойы жағылса, құрамында ибупрофен бар дәрілік заттарды жүйелі қолданғаннан кейін туындауы мүмкін жанама әсерлерге ұқсас, белгілі бір ағзалар жүйесіне немесе тұтас ағзаға әсер ететін жанама әсерлерді толығымен жоққа шығаруға болмайды.
Бензил спирті, бензилбензоат, цитраль, цитронеллол, кумарин, эвгенол, фарнезол, гераниол, лимонен/d-лимонен, линалоол аллергиялық реакциялар тудыруы мүмкін.
Жағымсыз дәрілік реакциялар туындаған кезде медицина қызметкеріне, фармацевтика қызметкеріне немесе тікелей дәрілік препараттардың тиімсіздігі туралы хабарламаларды қоса алғанда, дәрілік препараттарға жағымсыз реакциялар (әсерлер) жөніндегі ақпараттық деректер базасына жүгіну керек
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК
Қосымша мәліметтер
Дәрілік препараттың құрамы
100 г гельдің құрамында
белсенді зат: ибупрофен - 5 г,
қосымша заттар: 2-пропанол, 2,2-диметил-4-гидрокси-метил-1,3-диоксолан (Солкетал), полоксамер 407, орташа тізбекті триглицеридтер, тазартылған су, лаванда майы, нероли майы (Aurantii floris aetheroleum).
Сыртқы түрінің, иісінің, дәмінің сипаттамасы
Өзіне тән иісі бар мөлдір түссіз гель.
Шығарылу түрі және қаптамасы
Препараттың 20 г, 50 г немесе 100 г-ы ішкі беті лакпен қапталған, бұралмалы пластмасса қақпағы бар алюминий тубаларға салынады.
1 тубадан медициналық қолдану жөніндегі қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқаулықпен бірге сары түсті картон қорапшаға салынады.
Сақтау мерзімі
2.5 жыл
Қаптаманы алғаш ашқаннан кейін – 3 айдан аспайды.
Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін қолдануға болмайды!
Сақтау шарттары
25 оС-ден аспайтын температурада сақтау керек.
Балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау керек!
Дәріханалардан босатып беру шарттары
Рецептісіз
Қазақстан Республикасы аумағында тұтынушылардан дәрілік заттардың сапасына қатысты шағымдарды (ұсыныстарды) қабылдайтын және дәрілік заттың қауіпсіздігін тіркеуден кейінгі қадағалауға жауапты ұйымның атауы, мекенжайы және байланыс деректері (телефоны, электрондық поштасы)
«Натусана» ЖШС, 050046, Алматы қ., Ислам Каримов, 198А үй , info@natusana.kz
Тел : +7 (727) 268-31-66